Skip to main content

Құрылыс компаниясын жалған мәліметтердің жариялануы ашуландырды

Submitted by Вера Александрова on

«RAMS» құрылыс компаниясы «Ақ Жайық» басылымының журналистерін ақпаратты таратқаны үшін айыптайды. БАҚ мәліметтеріне сәйкес, бұған Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың журналистер өз жарияланымында келтірген сөзі себеп болған.

«Шындыққа сай келмейтін, абыройымыз бен іскерлік беделімізді төмендететін мәліметтерді тарату арқылы сіздер біздің құқықтарымызды бұздыңыздар, сондықтан біз сіздерді жауапкершілікке тартуға құқылымыз», – делінген «RAMS» өкілінің «Ақ Жайық» басылымына жолдаған хатында.

Хабарланғандай, мәжілісмен «RAMS» компаниясын Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің аумағындағы жерді студенттерге қайтармай отыр деп айыптап, оның бенефициарларын «Ескі Қазақстанның» өкілдері деп атаған. Одан кейін «Ақ Жайық» басылымы депутаттың сөзіне сілтеме жасап, материал дайындаған.

«Компания көрсетілген жер учаскесінің меншік иесі емес және аталған жер учаскесіндегі құрылысқа ешқандай қатысы жоқ», – деп жауап берді «RAMS» өкілі.

Журналистер одағының Атырау облыстық филиалы өз кезегінде заңнама бойынша ақпараттың дұрыстығына жауапты тұлға бастапқы дереккөз, яғни депутат Саиров екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Dala news және Dala Inside редакцияларының өкілдері оған шағыммен жүгінгеннен кейін журналистердің жағына шыққан еді.

Журналистер Астана қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты және G-Park құрылыс компаниясының иесі Ғабит Сатмағамбетовтың қызметі туралы бірқатар материалдар жариялағаннан кейін оларға қатты қысым көрсетілгенін айтты.

Балаева сол кезде Dala news редакциясы бұрын жарияланған мәліметтерге қарсы дәлел жазылған мақаланы орналастырып, осылайша қолданыстағы заңнамаға сәйкес БАҚ міндеттемесін орындағанын атап өтті.