Қостанай облысының прокуратурасы құқық қорғау және уәкілетті органдармен бірлесіп, медициналық жабдықтарды сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық схемасын анықтады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, медициналық ұйымдар сұранысқа ие емес жабдықты асыра бағамен сатып алған. Мемлекетке келтірілген залал сомасы 2 млрд теңгеден асқан.
Анықталған деректер бойынша прокуратура органдары қылмыстық істерді тіркеді. Сотқа дейінгі тергеу аясында Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен қазіргі орынбасары, бір ауданның бас дәрігері, сондай-ақ медициналық жабдық жеткізушісі ұсталды.
Естеріңізге сала кетейік, шілде айында құқық қорғау органдары «СК-Фармация» ЖШС және фармацевтика саласы субъектілеріндегі ұрлықтар бойынша қылмыстық тергеуді бастаған болатын. Іс Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбеновтің Жоғары аудиторлық палата анықтаған бұзушылықтар бойынша Бас прокуратураға жүгінуінен кейін қозғалды.
Қараша басында денсаулық сақтау министрлігінің және оған бағынысты ұйымдардың бірқатар лауазымды тұлғалары Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудиттен кейін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Фонд-бюро расследования коррупции