Skip to main content

Қостанай облысындағы ауыз су қауіпсіз бе?

Submitted by Вера Александрова on

Қостанай облысында су басқан аумақтардағы сумен жабдықтау нысандарына бақылау күшейтілді. Мұнда ауыз су мен азық-түлік өнімдеріне санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг ұйымдастырылды. 

Ratel.kz мәліметінше, облыстың қауіпті аймақтарында 300-ден астам сынама алынды. Сарапшылар нормаларға қандай да бір сәйкессіздіктерді анықтаған жоқ.

«Ветеринариялық қызметтердің ерекше бақылауында күйдіргі қорымы мен мал қорымы жатыр. Бүгінгі күні Тобыл өзені бойында және өзен маңындағы су басқан аумақтарда күйдіргі қорымы жоқ. Өңір тұрғындарының бұған алаңдауына ешқандай негіз жоқ», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, еріген сулардың мал қорымдарына түскені туралы қауесеттерді Қостанай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті (СЭБД) растамады, бірақ жоққа да шығармады.

«Су тасқыны аяқталғанша суды қайнатуды қатаң түрде ұсынамыз. Оның ішінде су құбыры суын, азаматтардың құмыра-сүзгілер арқылы өткізетін суын және су автоматтарынан сатып алатын суды да. Қазір ішуге және тамақ дайындауға не қайнатылған суды, не сатып алынған бөтелкедегі суды пайдалану керек. Еріген сулармен суланған өнімдерді тұтынуға болмайды. Жеке гигиена ережелерін сақтау қажет», - деді облыстық СЭБД басшысының орынбасары Зәуре Елшібаева.

Оның айтуынша, ведомство Ұлттық сараптама орталығымен бірлесіп, су басқан елді мекендерде қажетті дезинфекциялық іс-шараларға дайындықты жүргізіп жатыр.

«Олар су қайтқаннан және жағдай тұрақтанғаннан кейін жүргізіледі. Мүмкін су басқан мал қорымдары, күйдіргі қорымдары туралы айтатын болсам, ол жерлерде сынама алуды су қайтқанда ғана жүргізуге болады. Сонда ғана жағдайды бағалап, ветеринариялық қызметпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, эпидемияға қарсы дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу қажет пе екенін шешуге болады», - деді СЭБД басшысының орынбасары.

Өз кезегінде су басқан аймақтардың тұрғындары қазір еріген суларда үй жануарларының өлекселері, тыңайтқыштар мен улы химикаттар қоры, көң және т.б. жүзіп жүргенін хабарлауда.