Skip to main content

Қазақстандық блогерлер 53,3 млрд теңге кірістерін жасырды

Submitted by Вера Александрова on

Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) қызметкерлері 600-ге жуық қазақстандық блогердің кірістерін төмендетіп, мемлекетке 53,3 млрд теңге салық төлемегенін анықтады.

«Әртүрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді салық декларацияларында көрсетілген мәліметтермен салыстыру қорытындысы бойынша 594 адам бойынша 53,3 млрд теңге сомасында сәйкессіздіктер анықталды, нәтижесінде ағымдағы жылдың 13-14 ақпаны аралығында «кірістерді төмендету» бұзушылығы бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

30 жұмыс күні ішінде блогерлер есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есептілігін ұсынуы немесе келіспеген жағдайда түсініктеме беруі тиіс.

«Сонымен қатар, кірістерді, оның ішінде әртүрлі интернет-ресурстардағы онлайн-жарнаманы орналастырудан (ақпараттық өнімдерді ілгерілету немесе сату, әртүрлі оқыту курстарын сату, ұтыс ойындарын өткізу және т.б.) алынған кірістерден салық төлеу қажеттігіне назар аударамыз», - деп түйіндеді ведомство.

Еске сала кетейік, былтырғы жылдың наурыз айында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жеке кәсіпкерлердің 67% қазақстандық жеке кәсіпкерлер өз кірістерін жасыратынын айтқан болатын.