Skip to main content

Қазақстанда лицензиясы жоқ 58 мектеп анықталды

Submitted by Вера Александрова on

Білім министрлігінің тексеруі биыл елдегі 58 мектептің білім беру қызметіне лицензиясыз жұмыс істегенін көрсетті.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, оның 17-сі білім беру қызметіне қойылатын талаптарға сәйкес келтірілген. Қалғандарына айыппұл салу туралы қаулы шығарылды.

Негізінен лицензиясыз мектептер Астана және Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында анықталды.

«Барлық мектептер Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы керек. Лицензияның болмауы мектептің талаптарға сәйкестігін тексеруден өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Білім беру ұйымдарында білім беру қызметімен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап туындайды. Егер мектеп мемлекеттік тіркелген күннен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға жатады», — деп атап өтті комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.

Белгілі болғандай, лицензия алу үшін мектеп тиісті материалдық-техникалық базаға, білікті педагогикалық құрамға ие болуы, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормаларды сақтауы, сондай-ақ оқушылардың медициналық қызмет көрсетуін ұйымдастыруы керек.

«Осы талаптарға сәйкес келмеу әкімшілік жаза қолдануға және қайталанған бұзушылықтар жағдайында білім беру мекемесінің қызметін тоқтата тұруға негіз болып табылады», — делінген хабарламада.

Уәкілетті органдар өңірлік әкімдіктер мен білім басқармаларының басшыларына бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдауды талап етіп, хаттар жолдады.

Еске сала кетейік, маусым айында Ақмола облысы Есіл ауданының прокуратурасы жергілікті мектептердің қызметінде бұзушылықтарды анықтады. Сонда ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі (халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша 22 адам 4 596 540 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.