Антикор және бірқатар мемлекеттік органдар «ақшаны бояу» жобасын енгізу туралы мәлімдеді.
Антикордың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл механизм «цифрлық теңге» платформасында жүзеге асырылуда және қаражатты жұмсау кезінде ашықтықты қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың маңызды құралы болып табылады.
«Ол бюджет қаражатының пайдаланылуын барлық кезеңдерде — бөлуден толық игеруге дейін бақылауға мүмкіндік береді. Әрбір теңге бірегей цифрлық белгі алады, бұл ұрлық мүмкіндігін жояды және бюджетті ұтымды пайдалануға ықпал етеді», - делінген хабарламада.
19 желтоқсанда Антикор жобаны іске асыру мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткізді, оған Мәжіліс депутаттары, Ұлттық Банктің, қаржы, көлік, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Бүгінгі таңда жоба ауыл шаруашылығында, сондай-ақ автомобиль және темір жолдар құрылысы саласында жүзеге асырыла бастады.
Ақмола облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға шағын несие беру және техникаға кеткен шығындарды субсидиялау сынақтан өткізілуде.
Бұл механизм Атырау облысындағы құны 2,1 млрд теңге болатын «Мұқыр-Құлсары» жол учаскесі жобасында және Қарағанды облысындағы құны 160 млрд теңгеден асатын «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінде қолданылуда.
«Механизмнің одан әрі сәтті жұмыс істеуінің маңызды құрамдас бөлігі мемлекеттік органдардың енгізілетін ақпараттық жүйелерімен толыққанды интеграциялау болып табылады, бұл осы салалардағы бюджет қаражатының нақты пайдаланылуын бақылауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті пікірталас қатысушылары.
Кеңес қорытындысы бойынша ведомстволар бұл құралды басқа салаларда одан әрі қолдану бойынша бірқатар ұсыныстар әзірледі.
Фонд-бюро расследования коррупции