Ғылым және жоғары білім министрлігі елімізде 45 жалған құжат анықталғаннан кейін 1991 жылдан бастап берілген дипломдардың дерекқорын құрды.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, министрлік меншікті үлгідегі білім туралы құжаттардың мазмұнына, сондай-ақ олардың ресми серияларына қойылатын талаптарды бекітті.
Енді барлық дипломдар бірегей нөмір мен QR-код беріле отырып, арнайы модуль арқылы қалыптастырылады. Жүйеге тек ЖОО-ның уәкілетті қызметкерлері ғана қол жеткізе алады.
«Дипломдарды қалыптастыру «Жоғары білімнің бірыңғай платформасы» (ЖББП) ақпараттық жүйесіндегі деректер негізінде жүзеге асырылады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін беру мүмкін емес. Бірегей нөмірі мен QR-коды жоқ білім туралы құжаттар жарамсыз болып саналады», — делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды. Материалдар ІІМ және мәдениет және ақпарат министрлігіне берілді.
ЖОО-лар деректерді цифрландыруды жалғастырып жатыр, ал жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын сервис арқылы тексере алады: https://epvo.kz. Құжаттың электрондық нұсқасы «Цифрлық құжаттар» қосымшасында да қолжетімді.
Еске салайық, бұрын Абай облысы Үржар ауданының прокуратурасы анықтағандай, 15 инспектор «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ-не жоғары білім туралы жалған дипломдар негізінде жұмысқа орналасқан. Олардың кейбірі ұлттық паркте 10 жылдан астам жұмыс істеген.
Фонд-бюро расследования коррупции