Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені және кәсіпкер – Қайрат Сатыбалды соттың алғашқы отырысында ақшаны жылыстату ісі бойынша кінәсін толық мойындады. Тыңдау онлайн форматта өтті.
БАҚ хабарлағандай, ол өзіне тағылған жымқыру сомаларымен де келісіп, кінәні мойындау және заңсыз алынған активтерді қайтару туралы келісім нысанындағы іс жүргізу келісімін талқылауға ниет білдірді.
Отырыста прокурор Сатыбалдыны ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру» бойынша айыптады. Осы бап бойынша жаза мүлікті тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, кәсіпкердің ісінде салық төлеуден жалтару фактісі бойынша тағы бір эпизод бар. Ол бойынша тергеу жалғасып жатқаны хабарланады.
Еске салайық, өткен жылдың қыркүйегінде Астананың Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын. Бұған дейін біз тұңғыш президенттің жиені мұнай-газ саласына қатысты бірнеше қылмыстық эпизодта айыпталып жатқаны туралы жан-жақты жазған едік.
Кейін Сатыбалды шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берген, алайда ШҚО соты қарап, оны қанағаттандырмады. Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Сатыбалдыдан 120 млн доллар (54,9 млрд теңге) қайтарылғанын хабарлады. Сондай-ақ, бұған дейін сотқа дейінгі тергеу аясында кәсіпкер «Байсат» базарының үлкен бөлігін ерікті түрде қайтарған болатын. Кейін Сатыбалдының ұлы – Бауыржан Нұрсұлтан сол базардың тағы бір бөлігін қайтарды.
Фонд-бюро расследования коррупции