Skip to main content

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы Грузиядан экстрадицияланды

Submitted by Вера Александрова on

Бас прокуратурасы мен ІІМ қызметкерлері ҚР СІМ-нің жәрдемдесуімен Грузиядан қаржы пирамидасын құру және басқаруға күдікті адамды экстрадициялады. 

Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам өзі құрған қылмыстық топ Маңғыстау облысында «Plus Capital» қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 600-ден астам салымшының ақша қаражатын, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін заңсыз иемденді деп айыпталуда. Қылмыстық топтың іс-әрекетінен келтірілген залал 3 млрд теңгеден асты. 

Бұған дейін қылмыстық топтың кейбір мүшелері әртүрлі жаза түрлеріне сотталған болатын. Күдікті өз кезегінде қылмыс жасағаннан кейін жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған еді. 2023 жылдың қараша айында оның Грузия аумағында ұсталғаны хабарланды. Қазіргі уақытта күдікті Ақтау қаласының тергеу изоляторына орналастырылды.

«Тандалған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза қарастырылған», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында «Plus Capital» қаржы пирамидасының ісі бойынша жергілікті тұрғын мен нотариус ұсталып, олар 12 жылға бас бостандығынан айыруға сотталғаны хабарланған болатын. 

Сонымен қатар, Ақтөбе облысында «QNET» қаржы пирамидасы филиалының ұйымдастырушысы 5 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды. Ол заңды желілік маркетинг болып көрінген компанияның құрылымдық бөлімшесін құру және басқаруда айыпталды. 

Сондай-ақ Ақтөбе облысында «Аuto Seller» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Келтірілген залал сомасы шамамен 404 млн теңгені құрады. Ұйымдастырушы 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Оның сыбайластары 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын алды.