Skip to main content

Halyk Bank қырғызстандық «еншілес» компаниясын сатты

Submitted by Вера Александрова on

«Қазақстан Халық банкі» АҚ (Halyk Bank) Қырғызстандағы еншілес банкінің - «Халық Банк Қырғызстан» ААҚ 100% акциясын сатқанын хабарлады. KASE мәліметінше, қырғыз «еншілесінің» барлық акциясы Visor International DMCC (Visor) инвестициялық тобының құрамындағы сатып алушылар консорциумына өткен.

«Visor тобы «Халық Банк Қырғызстан» ААҚ-н дербес заңды тұлға ретінде сақтап, оның Қырғызстандағы дамуын жалғастыруды жоспарлап отыр», - делінген Halyk Bank-тің ресми мәлімдемесінде.

БАҚ хабарлағандай, Vizor компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы - Айдан Кәрібжанов. Ол Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің тізімінде 19-орында. Оның активтері $226 млн деп бағаланады. 

Halyk Bank-тің Қырғызстандағы еншілес ұйымды сату туралы Visor тобымен келісімге келгені 2023 жылдың соңында белгілі болды. «Қазақстан Халық банкі» мәмілені Қырғызстан Ұлттық банкі мақұлдауын күткен.