Skip to main content

Ғылым саласындағы жобалардың 90% мақсаттарына жетпеді

Submitted by Вера Александрова on

Антикор 30 зерттеу бойынша ғылым саласында 11,5 млрд теңге жұмсалғанын, сараптама белгілі бір тұлғалардың мүддесінде жүргізілгенін анықтады. 

Сонымен қатар, ведомствоның баспасөз қызметі 13,5 мың сарапшы тізімінің ішінен шамамен 10 мыңы сараптама жүргізбегенін, ал бағалау нәтижелерін манипуляция арқылы «қажетті» жобаларға бейімдегенін хабарлады.

«2016 жылдан бастап мемлекет бұл мақсаттарға шамамен 32 млрд теңге жұмсады, оның 90% жобасы (145-тің 130-ы) белгіленген мақсаттарға жете алмады, бұл нәтижесіз бастамалар болып табылады. Оның үстіне, зерттеулердің 70%-ы мақалалар мен кітаптар жазумен аяқталды, көптеген әзірлемелердің практикалық маңызы болмады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты биогаз және биотыңайтқыштар өндіруге арналған жабдықты әзірлеуге 290 млн теңге жұмсағаны белгілі болды. Антикор қызметкерлері нарықта ондаған есе арзан аналогтар бар екенін анықтады. 

Сондай-ақ, 2019 жылы еліміздің ірі құс фабрикаларының бірі қазақ деликатестерінің технологиялары мен рецептураларын әзірлеуге шамамен 300 млн теңге алғаны, алайда кейіннен барлық қаражаттың 92%-ын жабдықтар мен материалдар сатып алуға жұмсағаны хабарланды.

«Талдау нәтижелері бойынша ғылым және жоғары білім министрлігіне 100-ден астам ұсыныс енгізілді. Уәкілетті орган оларды іске асыруға кірісті. Мысалы, Агенттіктің ұсынысы бойынша Сараптамалық комиссия жұмысын ұйымдастыру қағидаларында оның мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді, енді жалпы еңбек өтілі 10 жыл, ал мамандығы бойынша өтілі кемінде 5 жыл болуы керек, бұрын 3 жыл болған», - деп қорытындылады Антикорда.