Skip to main content

Гидроқұрылыстардың жартысы жөндеуді қажет етеді

Submitted by News_editor on

Батыс Қазақстан облысында суармалы жерлердің ауданы 12 441 гектарға дейін ұлғайды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 10 160 гектарды құраған еді. Бұл туралы өңір әкімінің орынбасары Тілепберген Қаюпов облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXI сессиясында мәлімдеді.

«Қазинформ» ХАА деректеріне сәйкес, әкімнің айтуынша, 11 712 гектарда — бұл суармалы алқаптардың 94%-ы — жаңбырлату және тамшылатып суаруды қамтитын суды үнемдеу технологиялары қолданылуда. Қалған 729 гектар арық жүйесі бойынша суарылуда.

Қаюпов өңірдегі 50 гидротехникалық құрылыстың 25-і жөндеуді қажет ететінін атап өтті. Оның үшеуі республикалық маңызы бар объектілерге, жиырмасы коммуналдық, екеуі жеке меншікке жатады.

«2024 жылы 10 су қоймасында (төртеуі — республикалық, алтауы — коммуналдық) реконструкциялау және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 14 су қоймасын реконструкциялау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жүргізілуде», — деді Тілепберген Қаюпов.

Сондай-ақ ол өңірде көктемгі су тасқыны қаупін азайту үшін 18 қорғаныс бөгеті қалпына келтірілгенін, тағы біреуінде жұмыстар аяқталып жатқанын хабарлады. Қорғаныс құрылыстарының жалпы ұзындығы 37,1 км құрайды.

Еске сала кетейік, шілде айында БҚО Ақбұлақ ауылында күрделі жөндеуі бюджетке 106 млн теңгеге түскен бөгет жарылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыс бір көктемге де шыдамаған.

Сонда ауыл тұрғындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және өңір билігіне комиссия құрып, қирау себептерін анықтауды талап етіп, видеоүндеу жазған болатын.