Оқу-ағарту министрлігі мен Freedom Holding Corp. ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, құжат білім беру ресурстарын дамыту саласында серіктестік қарым-қатынас орнатуды көздейді. Бастама президенттік тапсырма аясында жүзеге асырылатыны хабарланды.
«Бүгінде біз білім берудің барлық деңгейіндегі процестерді толық автоматтандыруға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық экожүйені құру қажеттілігін көріп отырмыз. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі Freedom Holding Corp. қолдауымен әрбір баланың жеке талантын дамыту үшін жұмсақ ынталандыруды қолдана отырып, жасанды интеллект құралдарын пайдаланатын білім беру өнімдерінің маркетплейсін құру жұмыстарын бастады. Бұл балаларға ерте кезеңдерде өз таланттарына сәйкес мамандық таңдауға көмектеседі, еліміздің адами капиталын арттырады және мұғалім, бала мен ата-ана арасындағы коммуникацияны жақсартады», – деп атап өтті Оқу-ағарту вице-министрі Арай Уразова.
Сондай-ақ тараптар бірыңғай білім беру платформасында алдағы онлайн оқытудың қолжетімділік деңгейін талқылап, оны білім беру ұйымдарында ілгерілету туралы келісті. Сонымен қатар ведомство мен корпорация бірлескен жобаларды іске асыруды, конференциялар мен семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.
Өз кезегінде «Helios Soft» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Серік Бұтымбаев Facebook-тегі өз парақшасында ынтымақтастықты жасасуға байланысты бірқатар сұрақ қойды:
- Өз қаражаты есебінен бизнес құрып, білім беруді автоматтандырумен бұрыннан айналысып жүрген компанияларға не істеу керек?
- Мұның бәрі Президенттің монополия мен олигополияны жою туралы тапсырмасына қалай сәйкес келеді?
- Шешімді кім және қашан қабылдады және неліктен бұл Freedom болуы керек? Неліктен қолданыстағы бизнестің мүдделері ескерілмеді, пандемия кезінде дәл осы бизнес білім беру сапасы мен мүмкіндігіне нұқсан келтірмеу үшін көп нәрсе жасады, тіпті бүгінде білім беруді цифрландыруды дамыту жолында көп нәрсе жасап жатыр?
«Жалпы, шешімдер бәсекелестік емес тәсілмен және аста-төста қабылданғанда өкінішті, шынында да, Президент айтқандай, ашық үкімет болғанын қалаймыз, әзірге барлық жаңа әндер ескі сарынмен», - деп наразылық білдірді Серік Бұтымбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін ФБРК редакциясы Freedom Telecom және Sergek Group компанияларының жаңа бірлескен жобасы – Зияткерлік бақылау жүйесі (ЗБЖ) туралы хабарлаған болатын. Жобаны МЖӘ шарты аясында іске асыру жоспарлануда.
ЗБЖ-нің негізгі функциясы ел аумағы бойынша жүк тасымалын қадағалау, сондай-ақ жүк көлігінің салмағын бақылау болып табылады.
Фонд-бюро расследования коррупции