Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2,3 трлн теңгенің игерілуін тексереді.
«Кеңес барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы уәкілетті органдардың өкілдерімен және басқа да мүдделі тұлғалармен бірлесіп, жобаны іске асыру кезінде заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелерін қарастырды», - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда Қазақстанда 37 авариялық мектеп және балалар 3 ауысымда оқитын 142 мектеп бар екені хабарланады. Осыған байланысты 2,3 трлн теңгені игеріп, 2025 жылға қарай 800 мың оқушы орнын қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «әрбір қазақстандық оқушының оқуға және жан-жақты дамуға лайықты жағдайы болуы керек. Дәл осыған жаңа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бағытталған» деп атап өткені айтылады.
«Кеңес қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесу, сондай-ақ олардың уақтылы және сапалы салынуы мақсатында жауапты органдар мен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленді», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында белгілі бір өндірушілерді лоббирледі деген күдікке ілінген еді. Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «ҚР Жиһазшылар гильдиясы» Басқарма мүшесі Игорь Проценко құжаттамада кейбір жиһаз үлгілері Павлодарлық «Troya» ЖШС компаниясы шығаратын өнімнің номенклатурасымен сәйкес келеді деп болжаған.
Кейінірек Samruk-Kazyna Construction ұлттық жоба аясында оқу орындарына жиһаз таңдау процесіне қатысы жоқтығын мәлімдеп, Игорь Проценконың мәлімдемесі компанияның беделіне нұқсан келтіретінін хабарлады. Игорь Проценко өз кезегінде ФБҚК редакциясына түсініктеме беріп, онда Samruk-Kazyna Construction дәлелдерін жоққа шығарды.
Одан кейінірек ҚР «Атамекен» ҰКП жайлы мектептер салу кезінде президент тапсырмаларының еленбейтінін мәлімдеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жиһаз өнімдерін өндірушілер жиһаз бұйымдарына нақты техникалық сипаттамалардың болмауына байланысты қиындықтарға тап болғаны атап өтілді.
Фонд-бюро расследования коррупции