Skip to main content

Елдегі сталкинг ісі бойынша алғашқы үкім Семейде шығарылды

Submitted by Вера Александрова on

Семейде сот сталкер фактісі бойынша тіркелген қылмыстық істі қарады. 

Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті тұрғын ұзақ уақыт бойы жәбірленушінің жеке өмірін бақылап, оның жеке кеңістігіне заңсыз араласып, психологиялық қысым көрсеткен.

Сот үкімімен ер адам ҚК-нің 115-1-бабы («Сталкерлік») бойынша кінәлі деп танылды. Оған 30 АЕК (117 960 теңге) мөлшерінде айыппұл салынып, сондай-ақ 10 ай мерзімге мінез-құлыққа қойылатын арнайы талаптар белгіленді.

Құқық қорғау органдары сталкерліктің адамның жеке шекарасын бұзатын және оның қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстық жазаланатын әрекет екенін ескертеді.

Полиция департаменті азаматтарды:

  • басқа адамдардың жеке кеңістігі мен құқықтарын құрметтеуге;
  • жанжалды жағдайларды тек құқықтық аяда шешуге;
  • сталкерліктің белгілері немесе оның қаупі пайда болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге.

шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда сталкерлік үшін қылмыстық жауапкершілік биылғы жылдың шілде айында енгізілді. Бұған дейін істердің бірінде Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғыны айыпталушы болған еді, ол түнде жергілікті тұрғынның ауласына кіріп, оны терезеден бақылап, әдепсіз әрекеттер жасаған.

Сондай-ақ БАҚ Ақмола облысы Макинск қаласында 44 жастағы әйелдің бұрынғы сүйіктісінің үнемі қудалауына байланысты полицияға жүгінуі туралы іс болғанын хабарлаған болатын.