Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Асқар Мұратылы және «Асыл-ЖАС» ЖШС директоры Қазбек Жұмагелдиевке қатысты үкім шығарды.
Елордалық соттардың баспасөз қызметінің мәліметінше, олар мемлекет қаражатын жымқыруда айыпталды. Тергеу 2019 жылы Асқар Мұратылы Ақмола облысының әкімі болып тағайындалғанын анықтады. Сол уақытта «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның Ақмола филиалы мен «Асыл-ЖАС» ЖШС «Жақсы-Есіл-Бұзылық» автомобиль жолындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу бойынша сатып алу шартын 2,2 млрд теңгеге жасасты. Алайда ақша мердігерге аударылмады.
2021 жылдың сәуірінде Асқар Мұратылы «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Сол жылдың маусымында тапсырыс берушінің бастамасымен шарт бұзылды.
Қазан айында Мұратылы дәл сол «Жақсы-Есіл-Бұзылық» жолын күрделі жөндеу және көпір салу бойынша 2,2 млрд теңгеден астам сомаға «Dike» ЖШС және «Асыл-ЖАС» ЖШС консорциумынан бір көзден сатып алуды жүзеге асыру туралы заңсыз бұйрық шығарды.
«Сонымен қатар, 21.01.2020 жылғы сот шешімдерімен «Асыл-ЖАС» ЖШС-не қатысты және 07.10.2021 жылғы сот шешімдерімен «Dike» ЖШС-не қатысты, тиісінше 264 миллион теңгеден және 685 миллион теңгеден астам кредиторлық берешекпен оңалту рәсімдері қолданылды», - делінген хабарламада.
Желтоқсанда шарт аясында «Асыл-ЖАС» ЖШС-нің шотына 200 млн теңге аударылды, оны Мұратылы мен Жұмагелдиев жымқырып, ысырап етті.
Сотталушылар кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Сот Асқар Мұратылы мен Қазбек Жұмагелдиевті кінәлі деп тауып, оларға әрқайсысына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, Мұратылыға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды, ал Жұмагелдиевтің мүлкі тәркіленіп, қаржылық және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқаруға 10 жылға тыйым салынды.
Еске салайық, Көкшетау көлік прокуратурасы өткен жылдың қыркүйек айында-ақ «Жақсы-Есіл-Бұзылық» жолын жөндеуге конкурс өткізбестен шартты заңсыз жасасу фактісін анықтады. Сонда хабарланғандай, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Қаржылық мониторинг агенттігіне (ҚМА) «Асыл-Жас» ЖШС мердігерлік ұйымын жосықсыз деп танып, шара қолдану туралы өтініш білдірген болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции