Skip to main content

Бұрынғы вице-министрлер мен несие бюросының басшысы Алматыда ұсталды

Submitted by Вера Александрова on

Департамент Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алматы қаласы бойынша «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Бірінші несие бюросы» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Олар ірі көлемде пара алу және беру күдігіне ілінді.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, несие бюросының басшылығы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшылығына қаржы ұйымдарының сұрауларын өңдеуге қажетті ақпараттық қызметтерді көрсету кезінде мүдделерді лоббилеу үшін пара берген. 

Сонымен, 28 маусымда Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері кезекті $75 мың (38,9 млн теңге) мөлшеріндегі параны беру кезінде ұстады:

  • Руслан Омаровты – «Бірінші несие бюросы» ЖШС бас директоры;
  • Ақмади Сарбасовты – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысы, бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметін атқарған;
  • Дәулет Арғандықовты – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бұрынғы басшысы, бұрын ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарған.

Ұсталғандардың тұрғылықты жерлерін тінту кезінде $370 мың (192,1 млн теңге) және 4,5 млн теңге мөлшеріндегі ақша қаражаты тәркіленді. Сот санкциясымен оларға 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда.