Алматыда бұрынғы "Азаматтарға арналған үкімет" ЕАҚ қызметкері Әбдіжапаров А.К. мемлекеттік жер учаскелерін иелену арқылы жасаған алаяқтық фактісі бойынша үкім шығарылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметінің мәліметінше, "Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация "Алматы" АҚ 6,3 га және 2,3 га аумақтағы жер учаскелерін бес жылға уақытша пайдалануға алған.
"Азаматтарға арналған үкіметтің" бұрынғы қызметкері бола отырып және жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіне отырып, Әбдіжапаров уәкілетті органдарға уақытша пайдалану шарттарын бұзу туралы жалған келісімдерді ұсынған.
Сонымен қатар ол әкімдіктің жер учаскелері жеке меншікке берілгені туралы жалған қаулыларын тапсырған. Алайда іс жүзінде әкімдік мұндай қаулылар шығармаған.
Нәтижесінде ол учаскелерді өзіне тиесілі "Айша Групп" ЖШС-не заңсыз қайта тіркеп, оларды 1,3 млрд теңгеге сатқан.
Сот санкциясымен нарықтық құны 13,6 млрд теңге болатын жер учаскелеріне тыйым салынды. Сот Әбдіжапаровты ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен ("Алаяқтық") кінәлі деп танып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды, олардың аумағында инновациялық хаб салу жоспарлануда.
Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, соңғы үш жылда ҚМА аумақтық департаменттері 11,8 млрд теңге сомасына алғашқы тіркеу үшін алым төлеуден жалтарып, 1,8 мыңнан астам автокөлік құралын заңсыз тіркеуге байланысты 88 қылмыстық істі тергеген.
Күдіктілер ретінде 70 адам өтіп жатыр, олардың арасында әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері, "Азаматтарға арналған үкімет" ЕАҚ қызметкерлері, сондай-ақ нотариустар бар.
Фонд-бюро расследования коррупции