Астана мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов Есіл өзеніндегі «Күн» субұрқағын салу кезінде 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген кінәсін жоққа шығарады.
«Nege Aqsha» Telegram-арнасының мәліметінше, ол БАҚ тергеуге тиімді жалған ақпарат таратып жатыр деп санайды.
«Бұл менің іс мән-жайын объективті қарау құқығымды бұзып, соттың заңды және негізді шешім шығаруына кедергі келтіреді деп есептеймін», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар ол субұрқақты орнату өзінің бастамасы болды деген айыптау мәлімдемесін жоққа шығарады.
«Прокурор сотқа ұсынған, маған тағылған айыптар бойынша қылмыстық іс материалдарындағы дәлелдемелерді зерттеу нәтижесінде 2016 жылы Есіл өзенінде «Күн» субұрқағын салу және оны қалалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру туралы шешімді әкімдік басшылығы, қоғамдық кеңес мүшелері және Астана қаласы мәслихатының депутаттары қабылдағаны анықталды», - делінген хабарламада.
Мажағұловтың айтуынша, сотта зерттеу кезінде субұрқақ белгісіз біреулер кабельдер мен өзге де жабдықтарды ұрлап кеткеннен кейін жұмысын тоқтатқаны анықталған. 2020 жылы Астана полициясы осы ұрлыққа қатысты тергеу жүргізген.
Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы осыған қарамастан, БАҚ-та субұрқақтың ақауына оның конструкцияларын жасауда қолданылған сапасыз металл себеп болды деген ақпарат таратылып жатқанын атап өтті.
«Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «Күн» субұрқағын құрастыру және орнату жобасын іске асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылғанын анықтады. Астана мәдениет басқармасы бөлген бюджет қаражаты бюджеттік қаржыландыру бағдарламасына сәйкес «Күн» субұрқағын құрастыру бойынша қызметтерге ақы төлеуге ғана жұмсалғаны расталды», - деді Мажағұлов.
Сонымен қатар, ол БАҚ-та жарияланған мемлекеттік сатып алу рәсіміндегі бұзушылықтар туралы ақпаратты да жалған деп санайды.
Мажағұлов осы жоба бойынша 8 жыл ішінде уәкілетті органдар көптеген тексерулер жүргізіп, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезіндегілерді қоса алғанда, ешқандай бұзушылықтарды анықтамағанын атап өтті.
«Осылайша, едәуір уақыт өткен соң Астана әкімдігі басшылығы мен жергілікті өкілді органдардың шешімімен орнатылған жұмыс істемейтін «Күн» субұрқағы үшін жауапкершілікті маған жүктеу әрекеті абсурдты, фактілер мен логикаға сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта маған тағылған айып бойынша сот талқылауы жалғасып, аяқталуға жақын. Оның объективті және әділ болуына үміттенемін», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсанында Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловқа және мердігер ұйымның өкілі Мәди Қанапинге қатысты сот талқылауы басталды.
Сотталушылар 2017 жылдан бері авариялық жағдайда тұрған және жұмыс істемейтін «Күн» субұрқағын («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және отты шоу») салу кезінде 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгені хабарланған.
БАҚ-тың жазуынша, субұрқақ жобалық-сметалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамасыз салынған, ал құрылыста техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар пайдаланылған.
Іс аясында Болат Мажағұловтың Астанадағы үш коммерциялық үй-жай, екі тұрақ орны және премиум сыныпты пәтер түріндегі мүлкіне тыйым салынды.
Айта кетейік, қыркүйек айында Мажағұловтың ұсталғаны туралы жаңалықтан кейін Астана қоғамдық кеңесінің мүшесі Қанат Әлин «Күн» субұрқағын бұзуды ұсынды. Әлин субұрқақтың құрылысы кезінде оның бұзушылықтармен салынып жатқаны туралы әкімдікке бірнеше рет хабарлағанын айтты.
Өз кезегінде Астана қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Самат Әбдуллин жақын арада субұрқақты бұзу мүмкін емес екенін, себебі ол қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме болып табылатынын мәлімдеді.
Фонд-бюро расследования коррупции