Skip to main content

Браконьерлерді 650 кг-ға жуық балықпен Бурабайда ұстады

Submitted by Вера Александрова on

Ақмола облысында «Бурабай» МҰТП инспекторлары Жүкей көлінде ірі браконьерлік фактісін анықтады. Астана тұрғындары Қарағайлы орманшылығының ерекше қорғалатын табиғи аумағында торларды пайдаланып балықты заңсыз аулаған.

Парктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталғанға дейін браконьерлер 464 балықты, оның ішінде жалпы салмағы 631,6 кг болатын 439 тұқа және салмағы 8,7 кг 25 мөңке балығын аулап үлгерген.

«Бұл «Бурабай» ұлттық паркі аумағында соңғы 5 жылда тіркелген ең ірі балық браконьерлігі жағдайы. Келтірілген залал сомасы – 9 132 827 теңгені құрады. Осы құқық бұзушылық бойынша барлық материалдар одан әрі тергеп-тексеру үшін Біржан сал ауданының полиция бөліміне жіберілді», - делінген хабарламада.

Жүкей көлінде балықты заңсыз аулау фактілері жиі тіркелетіні атап өтілді. Биыл ұлттық парк көлдеріндегі браконьерліктің сегіз ресми жағдайының бесеуі Жүкей көлінде жасалған. Барлық құқық бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олар 2,5 млн теңге сомасында залал келтірген.

Ұлттық парк биылғы жылдың соңына дейін Жүкей көлінде Smart National Park Burabay ақылды бейнебақылау жүйелерін орнататынына уәде берді. Бұл су айдынындағы жағдайды тиімді бақылауға және браконьерлік жағдайларын жедел тоқтатуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

«Біз көлдерде бейнебақылаудың заманауи технологияларын енгізу браконьерлерді үркітіп қана қоймай, ихтиофаунаның сақталуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар жартастарды бүлдіретін және қоқыс тастайтындар үшін күшті тежегіш фактор болады деп күтеміз», — деді «Бурабай» МҰТП директоры Сергей Быков.