Skip to main content

Бетон зауыты Алматыда 2 млн теңге айыппұл салынып, жұмысы тоқтатылды

Submitted by Вера Александрова on

Алматыда экологиялық талаптарды бұзғаны үшін бір бетон зауытының қызметі уақытша тоқтатылып, оған 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы экология департаменті басшысының орынбасары Дінмұхамед Лесбеков өңірлік коммуникациялар қызметіндегі (ӨКҚ) брифингте хабарлады.

«Қазинформ» ХАА деректері бойынша, ол жылдың бірінші жартыжылдығында департамент мамандары 23 тексеру жүргізгенін, оның ішінде 7 профилактикалық және 16 жоспардан тыс тексеру бар екенін айтты. Тексерулер барысында 49 бұзушылық анықталып, оларды жою үшін 12 нұсқама берілді.

Нұсқамаларды елемеген төрт кәсіпорынға қатысты әкімшілік хаттамалар жасалды. Материалдар сотқа жіберіліп, сот жалпы сомасы 2,5 млн теңгеден астам айыппұл өндіру туралы қаулы шығарды.

Жекелей ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабы 4-бөлігі («Қоршаған ортаға рұқсат етілген антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу») бойынша бетон зауыттарының біріне қатысты әкімшілік материал сотқа жіберілді. Сот қаулысымен кәсіпорынға бұзушылықтар толық жойылғанға дейін қызметін уақытша тоқтата отырып, 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

Сондай-ақ Лесбеков тағы бір кәсіпорынға нұсқаманы уақтылы орындамағаны үшін 295 мың теңге көлемінде өсімпұл есептелгенін және ол толығымен өндірілгенін хабарлады.

Жалпы, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында экология департаменті 28 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын жасап, 4,5 млн теңгеден астам сомаға 23 айыппұл салды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Дінмұхамед Лесбеков хабарлағандай, «Қазферросталь» ЖШС Алматыдағы Кіші Алматы жағалауында қожды заңсыз көму және металл сынықтарын сақтау үшін 11,4 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.