Алматы қаласындағы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) департаменті биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша бірқатар кәсіпорынды 2,2 млрд теңгеге айыппұл салды.
«Есепті кезеңде департамент Алматының негізгі нарықтарында бәсекелестік жағдайына 23 талдау жүргізді. Нәтижесінде 34 доминант және 2 монополист анықталды. Сондай-ақ 2,2 млрд теңге сомасында айыппұл салынды, оның 1,3 млрд теңгеден астамы өндірілді», - делінген ведомствоның баспасөз қызметінде.
Жұмыс барысында департамент 14 хабарлама, 9 нұсқама енгізіп, 9 тергеуді аяқтады. Монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері бойынша ведомство барлығы 18 әкімшілік іс қозғады.
Тергеу қорытындысы бойынша БҚДА қызметкерлері «Petrosun» ЖШС компаниясы мұнай өнімдерін көтерме сату нарығында үстем жағдайын теріс пайдаланғанын анықтады. Сот департамент қорытындысын негізді деп танып, «Petrosun» ЖШС-не 875 млн теңге айыппұл салды.
Сонымен қатар департамент шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін «Алматыгаз» Абоненттік есеп айырысу орталығы» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғады. Компанияға 83,8 млн теңге айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, өткен жылдың сәуірінде «Petrosun» ЖШС-нің әрекеттерінен сұйытылған мұнай газын өткізу кезінде монополиялық жоғары баға қолдану фактілері анықталған болатын. 2021 жылғы қыркүйектен қарашаға дейін газды көтерме сату бағасы бекітілген шекті бағадан 300%-дан астамға өсіп, тоннасына 183 мың теңгені құрағаны белгілі болды. Сонда ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 600 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Қараша айында Алматы қаласындағы БҚДА департаменті анықтағандай, «Petrosun» ЖШС АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынын өзімен келісім жасасқан нарықтың белгілі бір субъектілеріне сатуды негізсіз шектеген. Сонда үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін компанияға 542,9 млн теңге айыппұл салынды.
Фонд-бюро расследования коррупции