Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Украинадағы журналист Айдос Садықовты өлтіруге жасалған соңғы қастандыққа қатысты пікір білдірді.
"Қазинформ" ХАА деректеріне сәйкес, Бапидің пікірінше, мұның артында "Ескі Қазақстан" өкілдері тұруы мүмкін.
"Мен Айдос пен Наталья Садықовтарды білемін. Біз тығыз қарым-қатынаста болдық. Олар кәсіби журналистер. Ал нұсқаларға келер болсақ, менің ойымша, бұл таза арандатушылық. Кейбір интернет-ресурстарымыз бұл оқиғаның артында Қазақстан билігі тұр деп хабарлайды. Билік мұндай ақымақтықты не үшін бастауы керек? Бұл ешқандай жағынан тиімді емес, логикаға сыймайды. Мұнда, ең алдымен, "Ескі Қазақстан" өкілі немесе Қазақстан мен, мысалы, Ресейді немесе басқа елдерді, тіпті Украинаны айтпағанда, араздастыратын үшінші күштер болуы мүмкін", — деп атап өтті депутат.
Киевте журналист Айдос Садықовты өлтіруге жасалған қастандық туралы 18 маусымда белгілі болды. Кейін оның жұбайы Наталья Садықова күйеуіне Қазақстанның екі азаматы оқ атқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұлар Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев болған. Айта кетейік, Қаратаев 2019 жылға дейін Қазақстанның ішкі істер органдарында жұмыс істеген.
Өз кезегінде Бас прокуратураның баспасөз қызметі ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша журналистке қастандық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"Қылмыстық іс бойынша тергеу-жедел тобы құрылып, оған қылмысты ашу және күдіктілерді ұстауға бағытталған қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Қылмыстық істің тергеу барысын Бас прокуратура ерекше бақылауға алғаны хабарланады.
Фонд-бюро расследования коррупции