Skip to main content

Атыраудағы емхананың бухгалтері 573 млн жымқырды

Submitted by Вера Александрова on

№2 Атырау соты қалалық емхананың бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі қарады. Ол ұрлық жасады деп күдіктелуде.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы 2012-2023 жылдары 573 млн теңгеден астам қаражатты жеке банктік шоттарына аударып, иемденген.

«Қылмыстық жолмен алынған бұл қаражатты қаражат аудару түріндегі мәмілелер жасау арқылы заңдастырды. Емханаға ерекше ірі мөлшерде залал келтірілді», - делінген хабарламада.

Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, жеңілірек жаза тағайындауды сұрады. Істі қарау барысында ол 3 млн теңгені өтеді. 

Сот бұрынғы бухгалтерді кінәлі деп тауып, оған қылмыстық жолмен алынған ақшаға сатып алынған мүлікті тәркілей отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар, ол 10 жылға ақшалай және материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Еске салайық, қыркүйек айында Шымкентте «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері» КММ-нің директоры мен бухгалтері сотталды. Олар бюджет қаражатын ұрлады деп танылды. Тергеу деректері бойынша, мекемеде жұмыс істемейтін адамға заңсыз жалақы есептеліп келген. Залал 3,4 млн теңгені құрады. 

Тамыз айында Атырау сотында №4 қалалық емхананың директоры Сабиров Е., шаруашылық меңгерушісі Альжанова А., бас бухгалтер Дюсенгалиева М. және кәсіпкер Ералиева А.-ға қатысты үкім жарияланды. Олар қызметтер нақты көрсетілмегенімен, кәсіпкерге ақша аудару арқылы 231,8 млн теңгені ұрлады деп айыпталды.

Одан біраз бұрын Алматыда қалалық емхананың бухгалтерлері Хангиреева К. мен Туганбаева А.-ға қатысты үкім жарияланды. Олар бюджет қаражатын ұрлады деп айыпталды. Залал 341 млн теңгеден асты.