Тараздағы №2 сотта қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары мен бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, іске қатысушылар медициналық мекеменің 758 млн теңгеден астам ақшасын жымқырған.
Сонымен қатар бас дәрігердің орынбасары қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырып, 4,4 млн теңге көлемінде кіріс алған. Сот оны кінәлі деп танып, жиынтық қылмыстар бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Аурухананың бухгалтеріне мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Еске сала кетейік, өткен жылдың тамыз айында Атырау сотында №4 қалалық емхананың басшылығы мен кәсіпкерге қатысты үкім шығарылған болатын. Олар жалған қызмет көрсету арқылы 231,8 млн теңге жымқырды деп айыпталған.
Одан біраз бұрын Алматыда қалалық емхананың бухгалтерлеріне қатысты үкім шығарылды. Олар бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды. Келтірілген залал 341 млн теңгеден асты.
Шілде айында хабарланғандай, Республикалық дерматология ғылыми орталығының басшысы орынбасарымен бірге сыбайлас жемқорлыққа күдікті деп танылған. Халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім институтының басшысынан медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша қызмет көрсету шартын жасау үшін 5 млн теңге көлемінде пара алу туралы айтылған.
Шамамен сол уақытта елордалық медициналық орталықтың дәрігері Макишев 500 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталды. Медициналық орталықтың дәрігері пациенттен жоспарлы хирургиялық операция жасағаны үшін заңсыз сыйақы алған.
Ағымдағы жылдың қаңтарында Жамбыл облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Айбаз Алихановты пара алуда деп айыптағаны туралы ақпарат желіде тарай бастады. Хабарланғандай, 2023 жылы ол Тараз тұрғынынан медбике лауазымына жұмысқа орналастырғаны үшін 400 мың теңге алған.
Фонд-бюро расследования коррупции