Астана прокуратурасы пәтер сатуға арналған жарнаманы тиісті рұқсатсыз таратқан компанияны анықтады.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы мамырда «Asyl-Nur Qyrylys» ЖШС қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған.
Осыған қарамастан, компания пәтер сату жарнамасын орналастыра отырып, азаматтардың қаражатын заңсыз тартуды жалғастырған. Қараша айында кәсіпорынға қайтадан әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, сот осы ұйымның жарнамасын орналастыруға тыйым салды. Тағы бес құрылыс компаниясына қатысты осындай талап-арыздар берілді.
Белгілі болғандай, 2024 жылы әртүрлі бұзушылықтар үшін 62 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 15-і қайталама. Ағымдағы жылдың басынан бері осындай бұзушылықтар үшін алты құрылыс салушы жазаланды.
Еске сала кетейік, қаңтар айында хабарланғандай, Алматыда бір ЖШС басшылары үлескерлердің 2,5 млрд теңге қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Төрт күдіктінің тұрғын үй кешендерін салуға, сондай-ақ үлескерлердің қаражатын тартуға құқығы болмаған. Іс бойынша 312 адам зардап шегуші деп танылды.
Фонд-бюро расследования коррупции