Skip to main content

Астанадағы банктен 31 млн теңгеден астам қаражатты ұрлауға күдікті Ресейден экстрадицияланды

Submitted by Вера Александрова on

Астанадағы банк филиалынан 31 млн теңгеден астам қаражатты жымқыруға күдікті Ресейден экстрадицияланды. Бұл туралы хабарлады Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Тергеу деректері бойынша, 2015 жылдан 2017 жылға дейін әйел астаналық банкте жетекші менеджер болып жұмыс істеп, өзіне сеніп тапсырылған ақша қаражатын иемденген. Прокуратура мәліметінше, келтірілген залалдың жалпы сомасы 31 млн теңгеден асқан. Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған.

2023 жылғы маусымда күдікті Мәскеуде ұсталды. Қазақстан тарапының ресми сұрауынан кейін ресейлік билік оны экстрадициялауға келісті. Қазір ол тергеу изоляторында.

Бас прокуратура бұл қылмыс үшін мүлікті тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылғанын нақтылайды.

Естеріңізге салайық, осы айдың басында Ресейден қылмыстық қоғамдастыққа қатысуға, контрабандаға және есірткінің заңсыз айналымына күдікті қазақстандық экстрадицияланды.

Сондай-ақ маусымда Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлері жалған банкноттарды сақтауға және өткізуге айыпталған Қазақстан азаматын Грузиядан қайтарды.