Бас прокуратура Ресей Федерациясынан Қазақстан азаматын қылмыстық қауымдастыққа қатысқаны, есірткі заттарының заңсыз айналымы, сондай-ақ олардың контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында экстрадициялады.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, 2003 жылы ер адамды Өзбекстаннан Қазақстан арқылы Ресейге героин мен апиын жеткізумен айналысқан қылмыстық топқа тартқан. Күдіктінің есірткіні тасымалдап, сақтап және одан әрі сату үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелеріне бергені атап өтілді.
2003 жылы Қызылорда және Қарағанды облыстарындағы арнайы операциялар барысында қылмыскерлердің бір бөлігі ұсталып, олардан 35 кг героин және 28 кг апиын тәркіленді. Кейін олар сотталды, ал күдікті құқық қорғау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеу жарияланды.
20 жылдан кейін, өткен жылдың желтоқсан айында ол Ресей Федерациясының Самара облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта іс бойынша фигурант тергеу изоляторына орналастырылды. Осы қылмыстарды жасағаны үшін оған мүлкін тәркілеумен 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қаупі төніп тұр.
Еске сала кетейік, наурыз айында Германиядан Қазақстанға алаяқтыққа күдікті экстрадицияланды. Ер адам екі сыбайласымен бірге жалған фирмалар құрып, бидай жеткізу желеуімен кәсіпкердің жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын қаражатын иемденгені атап өтілді.
Кейінірек хабарланғандай, Варшава әуежайында 2014 жылдың желтоқсанында Қазақстан азаматтарынан алдап 1 млн АҚШ долларын жымқырған іс фигуранты ұсталды.
Фонд-бюро расследования коррупции