Астана аумағында 37 заңсыз салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлер анықталды.
Қалалық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, жекелеген құрылыс компаниялары үлескерлердің ақшасын заңсыз тартуда.
«Осы негіздер бойынша ағымдағы жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабы бойынша 64 құрылыс объектісі бойынша 51 құрылыс салушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары 12 құрылыс салушыға қатысты қылмыстық істерді тергеп жатыр.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу келесі тәсілдердің бірімен ұйымдастырылатыны атап өтілді:
- Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының (Қазақстандық тұрғын үй компаниясы) кепілдігін алу;
- екінші деңгейлі банк жобасына қатысу;
- ғимарат қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.
«Азаматтардың ақша қаражатын өзге тәсілдермен (алдын ала брондау шарты, резервтеу, инвестициялау, талап ету құқығын беру шарттары) тартуға тыйым салынады», - делінген хабарламада.
Құрылыс салушының сенімділігін тексеру үшін ведомство сайтына өтуді ұсынады, онда салынып жатқан объектілер бойынша кепілдік беру туралы шарттар тізілімімен танысуға болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҚО-да жалған құрылыс салушылар азаматтардан ақша алу үшін алдамшы схемаларды қолданып, міндеттемелерін орындамайтыны 490,8 млн теңге көлемінде залал келтіргені хабарланған болатын.
Одан сәл бұрын Қостанай облысында мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтарға байланысты адал емес мердігер мемлекетке дерлік 90 млн теңгені қайтарды.
Фонд-бюро расследования коррупции