Астанада сот «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы» МКК бұрынғы басшысы Мұрат Оразбаевқа қатысты үкім шығарды. Айыпталушылар арасында екі адам болды.
zakon.kz деректері бойынша, бұрынғы директор ҚК 366-бабының 2-бөлігі (Елеулі мөлшерде пара алу) және ҚК 366-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы ҚР ҚК (Параны бірнеше рет алу) бойынша қылмыс жасады деп айыпталды.
Сондай-ақ іс бойынша қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы бас фельдшері Лариса Малиновская да өтті. Ол ҚР ҚК 368-бабының 2-бөлігімен (Пара беруге делдалдық) айыпталды.
Тергеу деректері бойынша, 2022 жылы екі медициналық колледж және жедел жәрдем станциясы бірлескен қызмет туралы шарттар жасасқан. Осыдан кейін Оразбаев негізгі жұмысын оқытушылық қызметпен қатар атқарған фельдшер Малиновскаяны өз кабинетіне шақыртты.
«Малиновскаяны өзінің қызметтік кабинетіне шақырып, жалпы қамқорлық, оның ішінде медициналық колледждерде ақылы негізде оқу тәжірибесін өткізу мүмкіндігін беруге жәрдемдескені үшін, жоғарыда аталған колледждерден жалақы ретінде түсетін қаражаттың бір бөлігінен пара беруді талап етті», – делінген сот үкімінде.
Бас фельдшер жұмыссыз қалудан қорқып, келіскені хабарланады. Нәтижесінде 2022 жылдан 2023 жылға дейін Оразбаев Малиновскаядан жалпы сомасы 676 мың теңге көлемінде пара алды.
«2022 жылғы қаңтардан 2023 жылғы сәуірге дейінгі кезеңде бас фельдшер Малиновская ментор-тәлімгер ретінде рұқсат алып, «Р.» ЖШС-ке басқа колледждермен салыстырғанда студенттердің аз саны үшін ментор-тәлімгер ұстау тиімсіз екенін түсініп, келісіп, олардың студенттерін басқа колледждердің студенттерімен бірге оқытты. 2023 жылғы сәуір айының соңында Оразбаев «Р.» ЖШС-мен жасалған шарттың мән-жайын біліп, клиникалық базаны ұсыну бойынша көзделген шарттармен жаңа шарт жасасу үшін Малиновскаяны өзінің қызметтік кабинетіне шақыртты», – деп көрсетілген үкімде.
Алайда Малиновская Оразбаевқа басқа шарттармен жаңа шарт жасасу мүмкін емес екенін, себебі оқу процесі басталып кеткенін және «Р.» ЖШС-нің 21 студенті басқа топтармен бірге оқудан өткенін хабарлады.
«Малиновскаяны тыңдап, Оразбаев «Р.» ЖШС өкілдерінен ақша түрінде пара алу мақсатында, оларда өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан студенттер санының көбейгенін біліп, оған академия студенттерінің кәсіпорынның клиникалық базасы жағдайында тәжірибеден өту мүмкіндігін бергені үшін ол арқылы 100 000 теңге көлемінде пара беру қажеттілігі туралы хабарлады, Малиновская парақорлыққа делдалдық етуге келісті», – деп көрсетілген сот құжатында.
Содан кейін Малиновская «Р.» ЖШС директорының орынбасарына қоңырау шалып, Оразбаевтың талабын хабарлады. Директор орынбасары келісті. Ал 2023 жылғы 25 сәуірде Малиновская көрсетілген соманы Оразбаевқа аударды.
Қорытындысында сот Мұрат Оразбаевты кінәлі деп танып, 36 161 600 теңге көлемінде айыппұл төлеу және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза тағайындады. Сондай-ақ сот оны мемлекеттік наградадан – «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді.
Лариса Малиновская да 2 млн теңге көлемінде айыппұлға және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыруға сотталды.
Еске салайық, Оразбаевтың ұсталғаны туралы былтырғы жылдың аяғында хабарланған болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции