Skip to main content

Алматы облысындағы ӨКК төрағасы 50 млн жымқырғаны үшін 6 жыл алды

Submitted by Вера Александрова on

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Алматы облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлау және заңдастыру фактісін анықтады. 

ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылы Ұйғыр ауданында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің (АШӨК) төрағасы қой басы туралы дәйексіз мәліметтерді пайдаланып, 50 млн теңге көлемінде субсидия алған.

«Қылмыстық кірісін заңды айналымға тарту мақсатында кооператив төрағасы субсидиялау шарттарына қайшы, түскен бюджет қаражатының бір бөлігін кооперативтің депозитіне аударып, келіп түскен дивидендтерді жеке қажеттіліктеріне жұмсаған», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде сот кооператив төрағасын бюджет қаражатын ұрлауда, қылмыстық кірісті заңдастыруда кінәлі деп танып, оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде аудандық мәслихаттың депутаты шаруа қожалығының басшысы бола тұра, алдау арқылы 780 млн теңгеге несие алуды ұйғарған еді. Ол үшін Аграрлық несие корпорациясына 1200 бас ірі қара мал (ІҚМ) сатып алуға шарт ұсынған. Алайда бұрынғы басшының сатып алуды жүзеге асыруға нақты мүмкіндігі де, ниеті де болмаған. Нәтижесінде сот оны алаяқтықта кінәлі деп танып, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.