Skip to main content

Алматы облысындағы аудандық білім бөлімінің шенеуніктері 686 млн теңгені жымқырғаны үшін сотталды

Submitted by Вера Александрова on

Іле ауданының білім бөлімінің басшысы мен сол бөлімнің жеті бухгалтеріне қатысты үкім шығарылды.

Ляззат Каткеева

Фото Алматы облысы Іле ауданы білім бөлімінің сайтынан алынды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, олар білім саласында нақты жұмыс істемейтін адамдарға жалақы аудару арқылы 686 млн теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сонымен қатар, бөлім басшысы өз жүргізушісін ведомстволық мектеп-гимназияға кәсіптік бағдар беруші лауазымына жалған жұмысқа орналастырған. Оған жалпы сомасы 4,9 млн теңге жалақы заңсыз төленген.

Нәтижесінде басшы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салына отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды. Бухгалтерлерге мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға 10 жылға тыйым салына отырып, бас бостандығынан 7 жылдан 8 жылға дейін айыру жазасы тағайындалды.

Мемлекеттік органның сайтында Іле ауданының білім бөлімінің басшысы 2021 жылғы қаңтардан бастап Ляззат Каткеева екені көрсетілген.

Еске сала кетейік, Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Іле ауданы білім бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны туралы былтырғы ақпан айында хабарланған болатын.