Skip to main content

Алматы әкімдігі мемлекетке 126 млрд теңге қарыз болып қалды

Submitted by Вера Александрова on

Алматы қаласының ревизиялық комиссиясы 2023 жылға қалалық әкімдіктің мемлекеттік қарыздары мен міндеттемелерін басқаруға аудит жүргізіп, нәтижесінде бюджет қаражатын жоспарлау, пайдалану және қайтару мәселелерін анықтады.

Bes.media деректеріне сәйкес, 2015 жылдан 2023 жылға дейін әкімдік 50 несиелік келісімшарт жасасып, оның үшеуі ғана төленген. Қосымша келісімдерді есепке алғандағы жалпы қарыз сомасы 136 млрд теңгені құрады. 

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы қарыз 129,84 млрд теңге болса, 2024 жылғы 1 қаңтарда - 126,56 млрд теңгені құрады. Оның 32,99 млрд теңгесі – 2039 жылға дейінгі 10 несиелік келісімшарт бойынша республикалық бюджет алдындағы берешек. 

«Алматы жылу желілері» ЖШС инженерлік инфрақұрылымын реконструкциялау мен салуға 27,56 млрд теңге бағытталды, оның ішінде 2017 жылғы Универсиада үшін жылу магистралін салу және ЖЭО-2 жылу шығару желілерін реконструкциялау бар. 

Кәсіпкерлік пен жастар бастамаларын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қолдауға 5,42 млрд теңге бөлінді.

Басқа кредиторлар алдындағы қарыз 2032 жылға дейінгі 11 келісімшарт бойынша 93,57 млрд теңгені құрады. Бұл сомаға Қалқаман-2 және Жас Қанат шағын аудандарында тұрғын үй салуға 11,73 млрд теңге, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды жөндеуге, жолдар мен инженерлік желілерді салуға «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 81,85 млрд теңге кіреді.

Аудит нәтижесінде аудиторлар жастарға шағын несие беруге арналған қарыздың 3,93 млрд теңгесі игерілмей бюджетке қайтарылғанын, ал Қалқаман-2-дегі тұрғын үйге арналған 3,73 млрд теңгенің конкурстық рәсімдердің кешігуіне байланысты пайдаланылмағанын анықтады. Сонымен қатар, «Алматы жылу желілері» мен «Алматы су» ЖШС-нің 227,7 млн теңгесі жобалардың аяқталу мерзімінің өтуіне байланысты кешіктірілуде. 

Сондай-ақ ревизиялық комиссия бюджеттің кассалық орындалуының 1,07 млрд теңгеге асыра көрсетілуін және несиелер бойынша сыйақыларды есептеуде 4,52 млн теңгеге қателіктерді анықтады.

Сонымен қатар, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Алматы әкімдігінің мерзімінен бұрын төлегені белгілі болды:

  • шағын және орта бизнесті қолдау, оның ішінде олардың қызметін қаржыландыру және инфрақұрылымын дамыту үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының 335,14 млн теңге сомасындағы несиесі. 2023 жылы соңғы 130,2 млн теңге өтелді, 2024 жылғы 1 қаңтарда қарыз толығымен өтелген;
     
  • шағын және орта бизнесті қолдау, оның ішінде жабдықтарды жаңғырту және инфрақұрылымды дамыту үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының 2,015 млрд теңге сомасындағы несиесі. 2023 жылы 956,2 млн теңге өтелді, 2024 жылғы 1 қаңтардағы берешек қалдығы 629,2 млн теңгені құрады.

Аудит кезінде «Алматы ӘКК» АҚ бюджетке 7,99 млрд теңгені, оның ішінде несиелік келісімшарттар бойынша мерзімінен бұрын қайтарды.

Қорытындылай келе, анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 24,78 млрд теңгені құрады, оның ішінде өтелуге жататын қаржылық бұзушылықтар 8 млрд теңгені, тиімсіз жоспарлау 3,13 млрд теңгені және қаражатты тиімсіз пайдалану 13,65 млрд теңгені құрады.