Skip to main content

Абай облысының медициналық нысандары қайтарылған активтерден 5,6 млрд теңге алды

Submitted by Вера Александрова on

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арнайы мемлекеттік қордан Абай облысының денсаулық сақтау саласындағы жобаларына 5,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға арналған.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Үржар ауылында қайтарылған активтер есебінен көпбейінді орталық аудандық аурухананың қосымша корпусы салынуда. Оны заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру жоспарлануда, бұл мекеменің қуатын арттыруға және жергілікті тұрғындарға медициналық қызметтердің қолжетімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

Аягөз қаласында да орталық аудандық аурухананың қосымша корпусының құрылысы жүргізілуде. Жаңа ғимаратқа магнитті-резонансты томограф орнатылады, бұл науқастарды басқа өңірлерге жібермей-ақ сол жерде диагностикалық зерттеулер жүргізуді қамтамасыз етеді.

Құрылысты аяқтап, нысандарды пайдалануға беруді ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, бұған дейін қордан Семейдегі 100 орынға арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеменің құрылысына 2,6 млрд теңге бөлінген еді.

Еске салайық, премьер-министр Олжас Бектенов хабарлағандай, ағымдағы жылы елде халықты ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз ету бойынша жобаларды аяқтау жоспарлануда. Бұған республикалық бюджеттен 147 млрд теңге, ал Арнайы мемлекеттік қордан тағы 160 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.