Абай облысында Алакөл көлі жағалауын дамытудың жаңа бас жоспары әзірленуде. Өңір әкімі Берік Уәли ОСК-дегі брифингте туристік және инвестициялық инфрақұрылымды дамыту жобаларының іске асырылып жатқанын хабарлады.
Informburo.kz деректері бойынша, әкім бір маусымда жинақталған мәселелерді толық шешу мүмкін емес екенін атап өтті. Алайда, биылғы жылы туристерге жағдай жасау және инфрақұрылымды дамыту үшін облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді.
Қаржыландырудың негізгі бағыттары:
- Қабанбай ауылында өрт депосын салу – 141 млн теңге;
- жаңа қоғамдық кеңістік құру – 171,6 млн теңге;
- Арбатты жөндеу – 108,9 млн теңге;
- жағалау көшелерін орташа жөндеу – 229,5 млн теңге;
- жағалауды абаттандыру – 107,5 млн теңге;
- пирстер орнату – 41,6 млн теңге;
- жуыну маусымында жағалауды күтіп ұстау және санитарлық тазалау – 53,5 млн теңге.
Аумақты жүйелі дамыту үшін Алакөлдің жаңа бас жоспары дайындалуда. Ол 1 мың га аумақта демалыс және туризм аймақтарын құруды, рекреациялық, қоғамдық-іскерлік және тұрғын үй аймақтарын дамытуды, сондай-ақ көліктік қолжетімділікті, инженерлік инфрақұрылымды және экологиялық тұрақтылықты жақсартуды көздейді.
Сонымен қатар, Қабанбай ауылының аумағы мен көл жағалауын біріктіріп, жалпы ауданды 3 мың га-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Инвестициялық жобалардың арасында – Әзірбайжан инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенін салу, сондай-ақ «San Bao», «Ванджан» және «Juding Group» қытай компанияларының 100 жылдам салынатын қонақ үй кешенін (глэмпинг) құру бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бастаған жұмыс тобы Алматы және Қарағанды облыстарындағы, сондай-ақ Жетісу және Абай облыстарындағы туристік аймақтарды тексерген еді.
Сол кезде тексеру сапары барысында жүйелі бұзушылықтар анықталды. Қапшағай су қоймасында, Алакөл және Балқаш көлдерінде азаматтардың туристік инфрақұрылымның қанағаттанарлықсыз жағдайы, қызмет көрсету деңгейінің төмендігі және қажетті қауіпсіздік шараларының жоқтығы туралы өтініштері расталды.
Тексеру қорытындысы бойынша жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қабылданды.
Фонд-бюро расследования коррупции