Skip to main content

56 миллиондық ұрлыққа Алматы спорт шенеуніктері күдікті

Submitted by Вера Александрова on

Алматы спорт басқармасының және оған қарасты мекеменің бұрынғы қызметкерлері бюджет қаражатын жымқыруға күдіктелуде. 

Антикор баспасөз қызметінің мәліметінше, спорт басқармасының бұрынғы қызметкерлері мен Олимпиадалық резервті дайындау орталығына қатысты сотқа дейінгі тергеу ерекше ірі мөлшерде бюджет қаражатын иемдену және жымқыру фактісі бойынша жүргізілуде. 

Олар ведомствода нақты жұмыс істемейтін адамдарға жалақы есептеу және төлеу арқылы 56 млн теңгеден астам қаражат жымқырды деген күдікке ілінген.

«Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялануға жатпайды», - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан күдікті спорттық матчтардың саны бойынша ең коррупцияланған елдердің бірі ретінде танылып, халықаралық Sportradar ұйымының антирейтингінде 4-орынды иеленіп отыр.