Соңғы үш жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алаяқтық фактілері бойынша өндірісінде 770 қылмыстық іс болған, оның 122-і пара беруге айдап салумен байланысты болған. 424 адам сотталған. Алаяқтарға берілген ақшаның жалпы сомасы - 18,9 млрд теңге.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаровтың мәліметінше, наурыз айында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Козлов Д. және Сембаев А. азаматтарын алаяқтық және пара беруде кінәлі деп таныған.
Аталған адамдар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері және жоғары лауазымды шенеуніктердің көмекшілері ретінде таныстырып, әртүрлі мәселелерді шешу бойынша қызметтерді ұсынған.
Хабарланғандай, Алматы тұрғыны Козловқа 45 мың АҚШ долларын ұлына қатысты қылмыстық іс бойынша залалды өтеуге және жәбірленушілер санын азайтуға көмектесу шартымен берген.
Сондай-ақ, басқа жағдайда Козлов Сембаевпен алдын ала сөз байласып, БАӘ-ден тауарларды кедендік тазартуға жәрдемдесу сылтауымен азаматтың 265 мың АҚШ доллары мөлшеріндегі ақшасын иемденіп алғаны белгілі болды.
Нәтижесінде сот Козлов пен Сембаевқа мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 12 және 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі ауданаралық бөлімі бөлімшелерінің бастықтарына қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
Оларды алдау жолымен Шу ауданының тұрғынының 1,5 млн теңгесін иемденіп, есірткі сақтау ісі бойынша оны қылмыстық жауапкершілікке тартпауға уәде берді деп күдіктенуде. Қазіргі уақытта лауазымды адамдар ұсталып, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өңірдің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Шенеунік кәсіпкерден 5 млн теңге мөлшерінде пара алды деп күдіктелуде. Сонымен бірге, лауазымды адамға пара бергені үшін бизнесмен де жауапкершілікке тартылды. Тергеу соты күдіктілерге қатысты «Электронды білезікті» пайдалана отырып, «Үй қамағына алу» санкциясын берді.
Оған қоса, Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Іле ауданының мектепке дейінгі білім беру жеке ұйымдарының 7 басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Олар мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде орындалған жұмыстардың жалған актілерін ұсыну жолымен 134 млн теңгені жымқырды деп күдіктелуде.
Тергеу мектепке дейінгі ұйымдардың іс жүзінде тек қағаз жүзінде ғана болғанын анықтады. Қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілді.
Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жеке өндіріспен «ҚР ДСМ СЭБК Алматы облысының ДСЭБҚ Іле аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ-нің төрт лауазымды адамына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді аяқтады. Мекеме мамандары жоқ балабақшалардың басшыларына жалған қорытындылар берген. Іс сотқа жіберілді.
Одан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Астана қаласы бойынша жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының ҚҚС аудиті бөлімінің басшысын ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстағаны белгілі болды. Ол кәсіпкерден 36 млн теңге сомасындағы ҚҚС-ты қайтару бойынша оң шешім қабылдағаны үшін 3,6 млн теңге мөлшерінде пара алған.
Оның тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту кезінде құқық қорғау органдары 129,4 млн теңгені алып, оның шығу тегінің заңдылығы мен негізділігі тексерілуде. Сот санкциясымен күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды.
Фонд-бюро расследования коррупции