Алматы қалалық мобильділікті басқару жеңіл рельсті көліктің (LRT) бірінші желісінің техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеуге конкурс жариялады. vlast.kz мәліметінше, бұған шамамен 344 млн теңге бөлінеді. Орындау мерзімі – шарт жасалғаннан кейін 8 ай.
«ТЭН дайындау LRT бірінші желісін салу және пайдалану жобасының мерзімдері мен құнын анықтауға, сондай-ақ шығындардың, өтелімділіктің, техникалық іске асырылудың дұрыс емес болжамына байланысты жобадан кейінгі кезеңдерде бас тарту тәуекелдерін жоюға бағытталған», – делінген техникалық сипаттамада.
Бұған дейін қаланың бас жоспары бойынша үкімет 2040 жылға дейін LRT желілерінің 76 км салуды көздейтіні хабарланған болатын. Өз кезегінде, Алматы әкімінің орынбасары Асқар Амрин бірінші желіні 2027 жылы іске қосатынын мәлімдеді.
2022 жылы Алматы әкімі Ерболат Досаев LRT желісі трамвай типті – тіректерсіз болатынын айтты. Ол Төле би көшесімен өтіп, «Саяхат» автовокзалынан Ақсай ықшамауданына дейінгі желілерді қосатынын атап өтті.
Еске салайық, LRT тақырыбын алғаш рет 2003 жылы Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов көтерген еді. Содан кейін 2015 жылдың қазанында, қаладағы трамвай қозғалысы тоқтатылған кезде, сол кездегі әкім Бауыржан Байбек ескі көлік орнына заманауи жылдам трамвай іске қосылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол LRT желілерінің құрылысы 2016 жылы басталатынына уәде берді.
Осыған қарамастан, тек 2018 жылдың тамызында ғана әлеуетті жеке серіктестерді табу мақсатында конкурстың бірінші кезеңі жарияланды. 2019 жылдың басында әкімдік оның аяқталғанын хабарлады. Алайда кейін Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев жоба қала үшін тым қымбат екенін айтты.
Сонымен қатар, 2021 жылдың қазанында Urban Forum Kazakhstan (UFK) ел президентіне жүгініп, Сағынтаевтың «LRT жобасының әлеуметтік-экономикалық әсерінің мәнін үкіметке жеткізе алмайтынын» алға тартты. UFK өкілдері бұрынғы әкім жобаның құнын едәуір асыра бағалағанын да атап өтті.
Айта кетейік, елордалық LRT құрылысының тарихы көптеген жанжалдар мен қайшылықты мәлімдемелермен қатар жүрді. Еске салайық, Астанада LRT-дің алғашқы тіректерін салу 2017 жылы басталған болатын. 24.kz мәліметінше, 2019 жылы жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының тек 15%-ы ғана орындалған. Жалпы, қытайлық компаниялар консорциумы $313 млн көлемінде қызмет көрсеткен, оның тек $86 млн-ы төленген. Осылайша, мердігерлерге берешек $203 млн құрады.
2021 жылы «Астана LRT» жобасын іске асыру барысындағы ұрлық ісі бойынша жеті адам сотталды. Елорданың бұрынғы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков және «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеу жарияланды.
2022 жылдың қыркүйегінде Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов қытайлық серіктестер үздіксіз қаржыландыру жағдайында Astana LRT-ны екі жыл ішінде аяқтауға дайын екенін мәлімдеді. Сонда бүкіл жобаға $577 млн қажеттігі туралы айтылды. Ол LRT-ге техникалық қызмет көрсетуге жыл сайын 4 млрд теңге қажет болатынын хабарлады.
2023 жылдың сәуірінде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құрылыс жұмыстарының қайта басталғанын хабарлады. Бұған тіпті 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Сонымен қатар, бүкіл жобаны аяқтауға кемінде 200 млрд қажет болатынына сендірді. Ал 2023 жылдың қарашасында көлік министрі Марат Қарабаев LRT жобасына жыл сайын 150 млрд теңгеден сұрату жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Ол осы «ұзаққа созылған» жобаны Ұлттық қор қаражатынан қаржыландыру ықтималдығын да растады.
Фонд-бюро расследования коррупции