Абай облысында халықты жұмыспен қамту саласындағы ағымдағы жылғы жұмыс қорытындылары шығарылды. Негізгі назар жаңа жұмыс орындарын құруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға аударылды.
2024 жылы облыста 15 429 адам тұрақты және 7 948 адам уақытша жұмыс орындарына орналастырылды (оның ішінде «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша – 769 адам, «Алғашқы жұмыс орны» – 284 адам, «Күміс жас» жобасы аясында – 1 006 адам).
Халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кәсіпкерлікті қолдау аясында 203 азаматқа бизнес-идеяларды дамыту үшін қайтарымсыз гранттар берілді. Әрбір гранттың мөлшері 400 АЕК (1 476 800 теңге).
Жыл басынан бастап кәсіптік оқытуға 306 адам жіберілді. Жастар мен әлеуметтік осал топтар үшін оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламалары іске қосылды, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау бойынша арнайы шаралар қабылданды.
Облыс әкімдігінің жанынан Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Оның құрамына облыстық мәслихаттың депутаты, облыс бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл, мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі әкімнің штаттан кеңесшісі, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді.
Қиын материалдық жағдайдағы азаматтарды қолдау үшін атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлемі қарастырылған. АӘК тоқсан сайын табысы өңірлік күнкөріс минимумының 70%-ынан аспайтын азаматтарға тағайындалады.
2024 жылдың 4 тоқсанында өңір бойынша күнкөріс минимумы 54 757 теңгені құрады. 1 желтоқсанға АӘК-ті 3 542 отбасы (17 853 адам) алды.
Халықты жұмыспен қамтуды дамыту жұмыстары жалғасып жатқаны атап өтіледі. Келесі жылы өңірде бизнес-идеяларды қолдау, жұмысқа орналастыру процестеріне цифрлық технологияларды енгізу және барлық санаттағы жұмысшылар үшін қолайлы жағдайлар жасау жоспарланған.
Фонд-бюро расследования коррупции