Skip to main content

15 млн-ға қостанайлықтарды «монша ісінің шебері» алдады

Submitted by Вера Александрова on

Қостанайда алаяқ сенгіш азаматтарды алдап, өзін жылжымалы моншалар мен паллеттер сатушысы ретінде таныстырған. Келтірілген залал 15 млн теңгені құрады. 

Қостанай соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушы 2020 жылғы желтоқсаннан 2024 жылғы мамырға дейін «OLX.KZ» сайтында жаңа ағаш паллеттерді дайындау және сатумен айналысатыны туралы хабарландыру, ал Денисов, Қамысты және Қарасу аудандары тұрғындарының WhatsApp топтық чаттарында монша дайындау туралы хабарландыру орналастырған.

«Азаматтар Б.-ға сеніп, онымен жазбаша келісімшарт жасасып, жоғарыда аталған моншаларды сатып алу үшін ақша қаражатын берген. Б.-ның қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде 24 зардап шеккенге жалпы сомасы 15 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген», - делінген хабарламада.

Сотталушы кінәсін мойындап, істеген ісіне шын жүректен өкініп, бас бостандығынан айырмауды сұрады. 

Өз кезегінде зардап шеккендер сотталушыны бас бостандығынан айыруды және азаматтық талаптарды қанағаттандыруды сұрады.

Нәтижесінде сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаны орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуді белгіледі. 

Сондай-ақ сот зардап шеккендердің азаматтық талаптарын қанағаттандырды.