Маңғыстау облысында қатты жел мен нөсерлі жаңбырдан кейін жылқылардың жаппай қырылуы тіркелді. Билік өлген мал санын нақтылап, шаруашылықтарға келтірілген залалды бағалауда.
НЕ БОЛДЫ
Lada.kz хабарлағандай, 14–15 сәуірде Маңғыстау ауданында өткен қатты жаңбыр мен желдің салдары жойылуда. Малдың қырылу жағдайлары Сайөтес ауылы мен 7-ші разъезд арасындағы теміржол учаскесінде тіркелді.
Төтенше ауа райы жағдайларына байланысты жануарлар бағыттан адасып, ылғалдылығы жоғары жерге тап болды. Кейбір табындар елді мекендерден 60–80 км қашықтықта қырылған болуы мүмкін.
Сондай-ақ, жылқылардың бір бөлігі Ақшымырау ауылы маңында су ағынымен кетіп, жануарлар сортаңда тұрып қалғаны хабарланды.
БИЛІК ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАП ЖАТЫР
Жағдайды бағалау үшін 16–17 сәуірде мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Өңірде жедел штаб та жұмылдырылды.
Сонымен қатар, Бейнеу ауданынан Ақшымырауға «Трэкол» көлігі жіберілді. Жоғалған малды дрондар көмегімен іздестіру жүргізілуде.
«Салдарды жою үшін барлық күш пен құрал жұмылдырылды: өңірдегі ірі кәсіпорындардың техникасы, ТЖ қызметтері және жергілікті атқарушы органдар тартылды. Суды сору және қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда», — деп хабарлады Маңғыстау ауданы әкімдігі.
Сондай-ақ, мұнай-газ компанияларына қосымша техниканы тарту тапсырылды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы жұмыстарды үйлестіріп, тұрғындармен кездесіп жатыр.
Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасында тіркелген өлген мал үшін өтемақы мәселелері қолданыстағы заңнама аясында қарастырылады.
ТАБИҒИ АПАТ КАНДАЙ ЗИЯН КЕЛТІРДІ
Алдын ала мәліметтер бойынша, 100-ден астам мал басы қырылды. Нақты саны әлі анықталуда. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жекелеген аулаларда бірнеше бастан 10 басқа дейін мал қырылған.
Жануарлардың қырылуынан басқа, Сайөтес ауылында ғимараттардың шатырлары жартылай жұлынған, ал Ақшымырауда мол жауын-шашыннан кейін аумақтар су астында қалған.
Фонд-бюро расследования коррупции