Бас прокуратура «Әділет» саяси партиясының қызметіндегі заңбұзушылықтар анықталғаны туралы жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) 2026 жылғы 4 тамызда таратылған баспасөз релизі шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
БАС ПРОКУРАТУРА НЕ ХАБАРЛАДЫ
Жекелеген БАҚ-та жарияланған «Әділет» саяси партиясының қызметін тексеру нәтижелері мен анықталған заңбұзушылықтар туралы баспасөз релизі әдейі жалған болып табылады. Ведомство мұндай хабарламаларды орналастырмағанын және партияға қатысты тексеру жүргізбегенін атап өтті.
Әдейі жалған ақпарат таратуға байланысты ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы («Әдейі жалған ақпарат тарату») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
ЖУРНАЛИСТЕР МЕН ОНЛАЙН ПЛАТФОРМА ПАЙДАЛАНУШЫЛАРЫНА НЕНІ ЕСКЕРТТІ
Бас прокуратура «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға және «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» Заңға сәйкес журналистер мен онлайн-платформа пайдаланушылары ақпараттың дұрыстығын тексеруге және ол жалған әрі құқыққа қайшы болса, таратпауға міндетті екеніне назар аударды.
Ведомство сондай-ақ азаматтарды Бас прокуратураның ресми ақпараттық ресурстарында орналастырылатын ресми хабарламаларына ғана сенуге шақырды.
Фонд-бюро расследования коррупции