Алматыдағы кафелер мен шашлықханалардың иелеріне тұрғын үйлерде көмірмен жұмыс істейтін мангалдар мен тандырларды пайдалануға тыйым салынғаны еске салынды. Бір мекеме айыппұл алды, ал жалпы алғанда қалада абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жыл басынан бері 1,2 млн теңгеге айыппұл салынды.
ҚАНДАЙ МЕКЕМЕЛЕР ТЕКСЕРІЛДІ
Алматы экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметтері бойынша, «Eco Almaty» ЖШС қызметкерлері «Алматы — таза ауа» акциясы аясында Түрксіб ауданындағы кафелерге, шашлықханаларға, дүкендерге және басқа да коммерциялық нысандарға барды.
Кәсіпкерлерге көмір мен отыннан бас тартып, газ немесе электр жабдықтарын пайдалану қажеттігі еске салынды. Себебі — қатты отынды жағу кезінде пайда болатын түтінмен, күйемен және зиянды заттармен ауаның ластануы.
ШАШЛЫҚХАНАЛАРҒА ҚАНДАЙ ТАЛАПТАР ҚОЙЫЛАДЫ
Санитарлық ережелерге сәйкес, тұрғын және басқа да ғимараттарда орналасқан қоғамдық тамақтану мекемелеріне қатты отынмен жұмыс істейтін мангалдар мен тандырларды пайдалануға тыйым салынады.
Тағам дайындау үшін газ және электр жабдықтары, сондай-ақ түтін мен иісті сүзетін сору жүйелері қарастырылған.
Қосымша шектеулер Алматы мәслихаты 2025 жылғы 30 желтоқсанда бекіткен Атмосфералық ауаны қорғау ережелерімен белгіленген.
Олар газдандырылған аудандардағы төмен шығарындылар аймақтарында (LEZ) өндірістік қажеттіліктер үшін қатты және сұйық отыннан бас тартуды көздейді.
Тиісті ережелер 2027 жылдың қаңтарында күшіне енеді, ал LEZ үшін талаптар әкімдік қаулысы бекітіліп, аймақтың тұрақты шекаралары айқындалғаннан кейін қолданыла бастайды.
Кәсіпкерлерге 2026 жылдың соңына дейін табиғи газға көшу ұсынылды.
ҚАНША АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Мамандар кафелердің біріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы («Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзу») бойынша әкімшілік хаттама жасады. Айыппұл мөлшері 20 АЕК (86 500 теңге) болды.
2026 жылғы 10 қарашадағы жағдай бойынша Алматыда абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жалпы сомасы 1 млн 211 мың теңгеге 11 әкімшілік хаттама жасалды.
Бұзушылықтар тек қоғамдық тамақтану мекемелерінде ғана емес, басқа да қызмет салаларындағы ұйымдарда анықталды.
Фонд-бюро расследования коррупции