Skip to main content

Жезқазғанда заңсыз балабақша айыппұлға тартылды

Submitted by Вера Александрова on

Осы жылдың ақпан айында «Әдемі» жеке балабақшасының тәрбиеленушілерінің ата-аналары мекемедегі бұзушылықтар мен антисанитариялық жағдайларға шағымданды.

«Halyqstan» Telegram-арнасының мәліметінше, ата-аналар балаларының тыныш сағат кезінде жертөле бөлмесінде ұйықтағанын, ал кейбірінің төсек жетіспеушілігінен еденде ұйықтағанын айтқан. Сонымен қатар, ата-аналар санитариялық жағдайлардың сақталмағанын хабарлаған. 

Белгілі болғандай, балабақша рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген. Мекеме Ұлытау облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінде тіркелмеген және санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болмаған. Осыған байланысты тиісті құжаттар сотқа жіберілген. 

Санэпидбақылау басқармасы қазіргі уақытта балабақшаның жұмыс істемейтінін хабарлады. Анықталған бұзушылықтар үшін мекеме өкіліне 900 мың теңге айыппұл салынды. Қысқартылған іс жүргізу бойынша айыппұл 50%-ға азайтылды.

«Кәсіпкерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, орындалуы бақылауда», - деп қосты басқармада.

Еске сала кетейік, бұрын хабарланғандай, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Новенький кентіндегі балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары ортаңғы топтың күтушісін балаларды ұрып-соғу және қорлау деп айыптауда.