Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты пара беру және парақорлыққа делдалдық жасауда айыпталған үш айыпталушыға қатысты үкім шығарды.
Өңір соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, екі азамат ҚК-нің 367-бабы 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде лауазымды адамға алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен пара беру») бойынша, үшіншісі – ҚК-нің 368-бабы 1-бөлігі («Парақорлыққа делдалдық жасау») бойынша сотталды.
Белгілі болғандай, өткен жылдың наурыз айында өңірдің екі тұрғыны Тараз қаласының қаржы бөлімінің басшысына 90,2 млн теңге көлемінде пара берген. Ақша сот үкімімен жойылуға жататын 2 000 қорап темекіге (шамамен 1 млн бума) арналған.
Пара беруге делдал болған – облыстың мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) бас маманы, ол өз кезегінде ақшаны бөлім басшысына статист арқылы берген.
Пара алушы мен статист әрекеттерінің заңсыздығын түсініп, Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне арызданған.
«Осылайша, сотталушылар М. мен Т.-ның қылмысы оларға байланысты емес мән-жайлар бойынша аяғына дейін жеткізілмеген», — делінген хабарламада.
Қорытындысында сот өңірдің екі тұрғынын кінәлі деп танып, оларға 9 және 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім шығару кезінде сотталушылардың бірінің қарт жасы мен денсаулық жағдайы ескерілді. МКД бас маманы 3 жыл бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, сотталушыларға өмір бойына мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Фонд-бюро расследования коррупции