Skip to main content

Үкімет Қазақстанда балаларды қорғаудың мемлекеттік саясатын 2030 жылға дейін жаңартады

Submitted by fbrk_news on

(27 ақпан 2026 | Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі)

Қазақстанда 2030 жылға дейінгі балалық шақ саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа тұжырымдамасы дайындалды. Құжат қолданыстағы бағдарламалар мен балаларды қолдау шараларын бірыңғай жүйеге біріктіреді.

ТҰЖЫРЫМДАМА ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША ӘЗІРЛЕНДІ

Оқу-ағарту министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында бала құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленгені хабарланады. Құжат балалық шақ мәселелеріне бірыңғай көзқарас қалыптастырып, қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды біріктіреді.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, тұжырымдаманың мақсаты – баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғау және отбасында тәрбиелеу құқығын іске асыруға үйлестірілген көзқарасты қамтамасыз ету. Бағыттар қатарында балалар қауіпсіздігі мәселелері мен психологиялық және әлеуметтік қолдауды дамыту да аталған.

СТАТИСТИКА

Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда 6 902 492 бала тұрады, бұл ел халқының үштен бір бөлігін құрайды. Соңғы 10 жылда олардың саны шамамен 1,5 млн-ға өсті.

Балалар санының өсуіне байланысты инфрақұрылымды және қолдау жүйесін одан әрі дамыту қажеттілігі атап өтіледі.

Президент тапсырмаларын орындау аясында бала құқығын қорғауды күшейтуге және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзбеушілік қағидатын енгізуге бағытталған 10 заң қабылданды. 2025 жылы заңнамаға балалардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көздейтін өзгерістер енгізілді.

ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ШАРАЛАР

237 мыңнан астам бала психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек алады. Оның шамамен 17 мыңы үйде оқиды.

Білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент және 10 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді.

Сондай-ақ мектепте тамақтандырудың жаңа стандарты енгізіліп, санитарлық талаптардың сақталуына бақылау күшейтілді.

БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

Мектепке дейінгі білім беру саласында «ақша баланың соңынан ереді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру енгізілді. Ведомствоның мәліметінше, бұл тетік балабақшадағы кезекті екі есе қысқартуға және 21 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.

Елде 11 900 балабақша жұмыс істейді, онда шамамен 1 млн бала тәрбиеленуде. Тағы 163 мыңнан астам бала мектеп жасына дейінгі сыныптарда оқиды.

Атап өтілгендей, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру 2030 жылға дейін есептелген және балалық шақ саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі дамытуға бағытталған.