Skip to main content

Түзету мекемесінің бастығы алаяқтық үшін айыппұлмен құтылды

Submitted by Вера Александрова on

Степногорск қаласында алаяқтыққа оқталғаны үшін түзеу мекемесінің бастығы сотталды.

Ақмола облысы соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, Степногорск түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған адам сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берген, ол қарау сатысында болған. 

Мекеме бастығы бұл туралы біле тұра, оны адастырып, мәселені оң шешуге 6 млн теңге үшін жәрдемдесе алатынын айтқан. Сонымен қатар, күдікті сотталғанды ақшаны бермесе, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартылатынымен қорқытқан.

Сотталған адам мекеме бастығының талаптары туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған. Содан кейін ол ақшаны алу кезінде ұсталған.

«Б.-ның кінәсі оның мойындауымен, жәбірленушінің, куәлардың көрсетулерімен, жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерімен, Б.-ны тінтудің бейнежазбасымен, мекеменің бейнебақылау камераларының жазбаларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденген», - делінген хабарламада.

Тергеу барысында жәбірленушіге залал толығымен өтелген. Сот мекеме бастығын кінәлі деп танып, оған 45 млн теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындаған. Сонымен қатар, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынған.
 
Естеріңізге сала кетейік, шілдеде белгілі болғандай, Өскемен қаласының №2 соты ШҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) бастығының орынбасары Зиянов Қ.А.-ға үкім шығарған. Ол лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған. Оның сотталған адамға – «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Құмарғалиев М.-ға жазасын өтеудің қолайлы және жеңілдікті жағдайларын жасауға ықпал еткені хабарланады.

Тамызда Ұлытау облысында азаптау қолданғаны үшін әскери қызметшілер мен қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) қызметкерлері сотталған. Мекеме бастығы мен оның орынбасарына 6,6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Мекеменің бес қызметкері мен төрт әскери қызметшіге 4 жылдан 4,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Қазанда Қарағандыда Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД аға жедел уәкіліне сотталған адамды азаптағаны үшін үкім шығарылған.

Қарашаның басында Өскеменде ШҚО ҚАЖД қызметкерлері сотталған. №17 мекеме бастығының бұрынғы орынбасары мен аға инспекторы 5,8 млн теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған.

Кейінірек пара алуға күдікпен Алматы облысы бойынша №14 мекеме ҚАЖД бастығының орынбасары ұсталған.