Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Теміртау қаласында заңсыз майнинг фермасын ұйымдастыру фактісін анықтады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті өндірістік база аумағына металл контейнерлерде криптовалюта өндіруге арналған есептеуіш құрылғылар кешенін орнатқан.
Тінту кезінде құқық қорғау органдары 156 дана майнинг жабдығын (ASIC) және басқа да қосалқы құрылғыларды тәркіледі.
Ағымдағы жылдың басынан бері ҚМА қызметкерлері заңсыз майнинг фермаларын ұйымдастырудың 11 фактісін анықтаған, олардың қылмыстық кірісінің сомасы 440 млн теңгеге жуықты құраған.
«Тергеу барысында 269 млн теңге сомасындағы майнинг жабдығы, сондай-ақ 373 млн теңге сомасындағы цифрлық активтер алынды. Сотқа жіберілген екі қылмыстық іс бойынша ғана жалпы қылмыстық кіріс 216 млн теңгені құрады», - делінген хабарламада.
Осы екі іс бойынша 1,1 млрд теңге сомасындағы мүлік және 30 млн теңгеден астам цифрлық активтер тәркіленді.
Еске сала кетейік, қыркүйек айының басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев криптовалюта майнингімен айналысып, экономикаға зиян келтіріп, көп мөлшерде электр энергиясын тұтынатын және салықтарды тиісті мөлшерде төлемейтін кәсіпкерлермен «айналысу» қажеттігін мәлімдеген болатын.
Президент сөз сөйлегеннен кейін 10 күн өткен соң ҚМА Қостанай облысында заңсыз майнерлердің қызметін тоқтатқаны туралы хабарлады. Қылмыскерлер 3 аудан орталығының, 27 орта мектептің немесе 13 аурухананың қажеттіліктеріне тең көлемде электр энергиясын тұтынып, жергілікті электр желілеріне орасан зор жүктеме түсірген.
Кейінірек ҚМА қызметкерлері Астанадағы қозғалтқыштарды өңдеу орталығы деген желеумен ұйымдастырылған майнинг фермасына қатысты тергеуді аяқтады. Кәсіпорын бір тұрғын ауданның айлық қажеттілігіне шамалас энергияны тұтынғаны хабарланған.
Қазанда Шымкентте криптовалюта өндіру бойынша жерасты майнинг фермасын ұйымдастырған екі азамат сотталды. Айыпталушылар 2023 жылғы сәуірден 2024 жылғы ақпанға дейін майнинг фермасын ұйымдастырып, 100 млн теңгеден астам кіріс алған.
Фонд-бюро расследования коррупции