Skip to main content

Таразадағы құрылыс бөлімінің басшысы 519 млн теңгені жымқырғаны үшін сотталды

Submitted by Вера Александрова on

Таразда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбол Қалдыбаев, сондай-ақ мердігер ұйымдардың өкілі Ерболатұлы О. сотталды.

Антикор баспасөз қызметінің мәліметінше, Ерболатұлы әлеуметтік осал топтарға арналған көппәтерлі тұрғын үйлерді салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. 

Қалдыбаев бұл ақшаны аударып, мердігерлердің мүддесіне орай орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойғаны үшін сотталды.

«Олардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 519 млн теңгеден астам залал келтірілді», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде сот Қалдыбаевқа 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, ал Ерболатұлы 6 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды.

Сонымен қатар бұрынғы шенеунікке мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Ерболатұлыға мемлекеттік, жеке ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қаржыны басқаруға байланысты лауазымдарды 10 жыл мерзімге атқаруға тыйым салынды.

Еске салайық, бұған дейін Оралда сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, ведомствоның бас маманы және «Алиханстройпроект» ЖШС директорының орынбасары сотталды.