Астанада көппәтерлі «Көк-Төбе» тұрғын үй кешенін салуға бөлінген бюджет қаражатын иемдену және жымқыру ісі бойынша «Дорстройтрест» ЖШС басшысы Ерден Нұрабаевқа үкім шығарылды.
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылғы қаңтарда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ құрылысты инвестициялау туралы шартты «Дорстройтрест» ЖШС-мен жасасқан.
Мердігерге 2,6 млрд теңге көлемінде аванс аударылды. Алайда жұмыстар бұзушылықтармен жүргізіліп, белгіленген мерзімде аяқталмады.
Сонымен қатар, шамамен 650 млн теңге жалған шарттар арқылы аффилиирленген компаниялардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Нәтижесінде «Дорстройтрест» ЖШС басшысы кінәлі деп танылып, 7 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды. Сондай-ақ сот оның 131 млн теңге сомасындағы мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеуде жүр.
Еске салайық, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарушы директорына және «Дорстройтрест» ЖШС басшысына қатысты тергеудің аяқталғаны туралы биылғы мамырда хабарланған болатын.
Сол кезде сот санкциясымен күдіктілердің 170 млн теңге (5 автокөлік және Астанадағы пәтер) тұратын мүлкіне тыйым салынған еді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеу жарияланды.
Фонд-бюро расследования коррупции